+7 7172 620 620

Send request

Authorization

Media center

Француз инвесторларды Шымкенттің экономикалық жобалары қызықтырды

Француз инвесторларды Шымкенттің экономикалық жобалары қызықтырды

Шымкент-Париж, 9 наурыз 2021 ж. Қазақстан өңірлерін таныстырудың инвест-марафоны аясында француз әріптестеріне Шымкент қаласының әкімдігі мен Францияның «MEDEF» ірі бизнес қауымдастығында ұсынылған компаниялары арасында онлайн-кездесу өтті.

Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, ҚР Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев, Қазақстан-француз іскерлік кеңесінің тең төрағалары Айдан Кәрібжанов пен Ив-Луи Даррикаррер, сондай-ақ Францияның іскерлік топтарының 40-тан астам өкілдері, Шымкент қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің және KAZAKH INVEST өкілдері қатысты.

Шымкент қаласының әкімі өз сөзінде шетелдік инвесторлардың еліміздің үшінші мегаполисіне үлкен қызығушылығын атап өтіп, Француз бизнесмендерін машина жасау, цифрландыру, ЖЭК, сауда, тамақ өнеркәсібі және туризм сияқты басым салаларда белсенді ынтымақтастыққа шақырды.

Вебинарға қатысушыларға Шымкенттің инвестициялық әлеуеті, жаңа индустриялық алаңдарды одан әрі дамыту, цифрландыру және қалалық инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі жоспарлар, сондай-ақ инвестицияларға арналған тауашалы жобалар ұсынылды.

Қазақстан елшісі экономикалық дипломатияның негізгі элементі ретінде орталықсыздандырылған ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, форум прагматизм рухында және өзара мүдделерді ескере отырып, стратегиялық әріптестікті кеңейту және нығайту үшін жаңа идеяларды іздеуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Диалог барысында француз тарапы қала басшысына Шымкент экономикасының түрлі салаларындағы ынтымақтастық перспективалары туралы бірқатар сұрақтар қою мүмкіндігіне ие болды. Атап айтқанда, "Shymkent City" жобасының құрылысына, қаланың индустриялық аймақтарына және "Ескі Шымкент қалашығы" тарихи-мәдени кешеніне қызығушылық танытты. Француз компанияларының өкілдері сондай-ақ жасыл технологияларды пайдалана отырып, қаланың инфрақұрылымын дамыту бойынша ынтымақтастықты және қоғамдық көлікті сутегімен енгізу жөніндегі жобаларға қатысуды ұсынды.

Вебинар соңында әкім қаланың құрылымдық бөлімшелерінің француз компанияларымен барлық айтылған ұсыныстар мен Шымкент қаласында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша тығыз диалогқа дайын екендігін білдірді.

Айта кету керек, Қазақстан өңірлерін таныстырудың инвест-марафоны ҚР Франциядағы елшілігінің бастамасымен және "MEDEF International" қауымдастығы мен KAZAKH INVEST қолдауымен өтуде. Бұған дейін Нұр-Cұлтан және Алматы қалаларындағы француздық таргеттелетін инвестициялық әлеуетті компанияларға таныстырулар ұйымдастырылған болатын.

Install the application:
1) Open the website in Safari
2) Click save
3) Add to home screen