Шымкентте инвестициялық қызметті мемлекеттік қолдау шаралары бойынша семинар өтті
Шымкент қаласында инвестициялық және кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіруге арналған семинар өтті. Іс-шараны «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ Шымкент қаласы әкімдігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ұйымдастырды. Семинарға бизнес өкілдері, даму институттары және қаланың индустриялық аймақтарының қатысушылары қатысты.
Семинар барысында Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Закирьянов, сондай-ақ KAZAKH INVEST, QazIndustry, KazakhExport, Қазақстанның Даму Банкі, Даму қоры және QazTrade өкілдері сөз сөйледі. Спикерлер салықтық және кедендік жеңілдіктер, инвестициялық преференциялар, сервистік қолдау құралдары, постинвестициялық сүйемелдеу тетіктері және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тәртібі сияқты қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат берді.
Сондай-ақ, аймақтарда жобаларды іске асыру кезінде туындайтын өзекті мәселелерге – инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге, индустриялық аймақтардың жұмысына, нормативтік-құқықтық талаптарға және мемлекеттік қолдау алу рәсімдеріне ерекше назар аударылды. KAZAKH INVEST өкілдері компанияның қызметі, «бір терезе» қағидаты және инвесторларды инвестициялық келісімшарттардан бастап преференциялар алу кезеңіне дейін сүйемелдеу құралдары туралы айтты.
Сапар аясында KAZAKH INVEST делегациясы Шымкент қаласындағы екі ірі инвестициялық жобаны – QazAlPack және Wan Sheng Ceramic кәсіпорындарын аралады. QazAlPack алюминий қаптамасын өндіру жобасын іске асырып, импортты алмастыруға бағытталса, Wan Sheng Ceramic керамикалық плитка өндірісін дамытып, экспорттық әлеуетке ие. Қатысушыларға жобалардың ағымдағы мәртебесі, технологиялық процестері және даму жоспарлары таныстырылды. Бұл сапар мемлекеттік қолдау шараларының өнеркәсіптік жобаларды іске асырудағы нақты әсерін көрсетті.
Семинар кәсіпкерлер мен даму институттары арасындағы тиімді диалог алаңы болды. Қатысушылар жобаларды іске асыру кезінде туындайтын нақты мәселелерді талқылап, алдағы қадамдар бойынша түсініктемелер алды. Мемлекеттік құрылымдар өкілдері түскен ұсыныстардың барлығы жұмыс тәртібімен қарастырылатынын атап өтті.
Іс-шара бизнес, мемлекеттік органдар және даму институттары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ инвесторлардың қолжетімді қолдау құралдары туралы хабардарлығын арттыруға ықпал етті.